Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты», – деп атап өткен болатын. Бұл ұстаным бүгінгі таңда ерекше өзектілікке ие. Себебі құқықтық мемлекет құру үдерісінде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы шешуші рөл атқарады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық мәдениетін арттыруға арналған мазмұнды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – халықтың күнделікті өмірде кездесетін құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша білімін арттыру, сондай-ақ алаяқтық тәуекелдерінің алдын алу. Кездесу барысында қатысушыларға несие алу шарттарының қыр-сыры, қаржылық міндеттемелерді дұрыс басқару, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары және азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғау тетіктері жан-жақты түсіндірілді.


Практикалық мысалдар арқылы ұсынылған ақпарат қатысушылар үшін аса пайдалы әрі қолжетімді болды. Семинарға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова бар. Олар өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. – Құқықтық және қаржылық сауаттылық – әр азаматтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Әр адам тек өз құқығын біліп қана қоймай, оны заң шеңберінде тиімді қорғай алуы тиіс. Басты мақсатымыз – халыққа нақты бағыт-бағдар беру және құқықтық қолжетімділікті арттыру, – деді Жандос Әзімбай. Ал психолог Салтанат Асанова қаржылық сауатсыздықтың әлеуметтік салдарына тоқталды. – Қаржылық білімнің жеткіліксіздігі тек экономикалық қиындықтарға емес, сонымен қатар психологиялық күйзеліске, отбасылық жанжалдарға және лудомания секілді тәуелділіктерге алып келуі мүмкін. Сондықтан қаржылық тәртіп пен эмоционалдық тұрақтылықты қатар дамыту – бүгінгі күннің талабы, – деді. Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, осындай кездесулердің алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылуына қолдау білдірді.
