Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында соңғы жылдары ауылдық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде мемлекеттік «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беріп отыр. Ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған жоба аясында жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылып, жаңа спорт кешендері салынып, инженерлік инфрақұрылым жүйелері жақсарған.
2019-2025 жылдар аралығында аудан көлемінде жалпы құны 10 миллиард 887 миллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы артып, елді мекендердің заманауи келбеті қалыптаса бастады.
Жобаның алғашқы кезеңі 2019 жылы басталып, Темірлан ауылында 384 миллион теңгеге 9 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 11 көше немесе 5,8 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, аудандық мәдениет үйінің аумағы абаттандырылды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
2020 жылы жоба ауқымы кеңейіп, Бадам ауылы, Төрткүл ауылы және Темірлан ауылдарында 1 миллиард 231 миллион теңгеге 31 жоба жүзеге асырылды. 29 көше жөнделіп, 13,8 шақырым жол жаңартылды. Сонымен бірге әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2021 жылы ауданның 8 елді мекенінде 37 жоба іске асырылып, оған 1 миллиард 761 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде 36 көше немесе 21,6 шақырым жол жөнделді. Осы жылы Төрткүл ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, ауыл жастары үшін спортпен айналысуға кең мүмкіндік жасалды.
2022 жылы ауданның 7 елді мекенінде 719 миллион теңгеге 8 жоба жүзеге асырылды. 6 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 4,2 шақырым жол жаңартылды. Сонымен қатар Қызылжар ауылында газ жүйесінің құрылысы қолға алынды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болды.
2023 жылы 11 елді мекенде 2 миллиард 256 миллион теңгеге 19 жоба жүзеге асырылып, 25 көше немесе 28,5 шақырым жол жөнделді. Бұдан бөлек Темірлан, Бадам және Қажымұқан ауылында жаңа спорт кешендерінің құрылысы басталды.
2024 жылы ауданның 8 елді мекенінде 2 миллиард 895 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. 45 көше немесе 12,3 шақырым жол жаңартылып, бірнеше ауылда электр желілерінің құрылысы толық аяқталды. Сонымен бірге жаңа спорт кешендері пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне қызмет ете бастады.
2025 жылы 7 елді мекенде 1 миллиард 641 миллион теңгеге 7 жоба іске асырылып, 27 көше немесе 27,1 шақырым жол жөнделді. Қажымұқан ауылында мәдени-спорт кешені ашылып, Шұбар ауылы мен Темірлан ауылында жаңа спорт нысандарының құрылысы жалғасуда.
Жалпы алғанда, жоба аясында аудан бойынша 179 көше мен 113,3 шақырым жол жөнделіп, ондаған әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары жаңғыртылды. Бұл жұмыстар тек инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеруге де оң ықпал етті. Бүгінде Ордабасы ауданындағы ауылдардың келбеті жаңарып, халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдарды дамытудағы тиімді мемлекеттік бастамалардың бірі екенін нақты нәтижелері арқылы дәлелдеп отыр.
