Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жасаған жұмыс сапары барысында СП «Инкай» ЖШС компаниясының 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, кәсіпорын ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады. Айтулы дата аясында өңір басшысы компанияның өндірістік әлеуетімен және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Қазақстандағы уран өндіру саласының жетекші кәсіпорындарының бірі саналатын «Инкай» компаниясы соңғы отыз жыл ішінде өндірістік қуатын еселеп қана қоймай, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да айрықша үлес қосып келеді. Әсіресе Созақ ауданының дамуына серпін берген ірі кәсіпорын бүгінде өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі кәсіпорын аумағындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді. Атап айтқанда, қызметкерлерге арналған спорт кешені, заманауи асхана, тұрғын блоктар, демалыс аймақтары мен жаттығу залдары таныстырылып, компанияның қызметі мен жетістіктері жөнінде кең көлемді мәлімет берілді. Мұндай әлеуметтік жағдайлар еңбеккерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап қана қоймай, олардың өмір сапасын арттыруға да ықпал етіп отыр.
Мерейтой аясында арнайы орнатылған ескерткіш монументтің ашылу рәсімі өтіп, құрметті қонақтар тарихи сәттің куәсі болды. Сонымен қатар салтанатты жиынға қатысқан мәртебелі меймандар құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, компания ұжымына ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұралхан Көшеров кәсіпорынның ел экономикасындағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеген. Осы бағытта «Инкай» компаниясы өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Өңір басшысы өз сөзінде компанияның тек өндірістік табыстарымен ғана емес, әлеуметтік бастамаларымен де ерекшеленетінін айтты. Соңғы отыз жыл ішінде кәсіпорын жаңа мектептердің салынуына, медициналық және спорттық нысандардың жаңғыртылуына, жол және инфрақұрылым жүйелерінің дамуына қолдау көрсеткен. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындарының әл-ауқаты арта түскен.
Бүгінде «Инкай» компаниясы Созақ ауданы халқы үшін сенімді жұмыс беруші ғана емес, әлеуметтік серіктеске айналып отыр. Компания тарапынан жүзеге асырылып жатқан абаттандыру, экологиялық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік нысандар салу секілді жобалар өңірдің тұрақты дамуына үлкен үлес қосуда. Әсіресе табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылуы кәсіпорын жұмысының жауапкершілік деңгейін көрсетеді.
СП «Инкай» ЖШС – еліміздің уран өндірісі саласындағы халықаралық деңгейде танылған ірі кәсіпорындардың бірі. Компания озық технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігін арттырып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтып, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің артуына ықпал етіп отыр.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш барысында танымал өнер ұжымдары өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге түрлі викториналар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Отыз жылдық тарихы бар «Инкай» компаниясының мерейтойы – кәсіпорын жетістігінің ғана емес, Созақ ауданы мен Түркістан облысының дамуы жолындағы маңызды белестің айқын көрінісі. Кәсіпорын алдағы уақытта да өндірістік қуатын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өз үлесін қоса береді деген сенім мол.
