Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуының басты кепілі екенін ерекше атап өткен болатын. Бүгінде құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Өйткені заңды білетін, қаржылық шешімдерді сауатты қабылдай алатын азамат қана кез келген тәуекелдің алдын алып, өз құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғай алады. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы, Төлеби ауданында тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған мазмұнды семинар-кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын дамыту, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қоғамда заңға деген құрметті күшейту. Кездесу барысында тұрғындарға қаржылық жоспарлау, несие рәсімдеу кезіндегі жауапкершілік, қарыздық міндеттемелерді тиімді басқару, жеке қаражатты дұрыс пайдалану, сондай-ақ азаматтардың заң аясындағы құқықтарын қорғау жолдары жан-жақты түсіндірілді.


Сонымен қатар соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтық, жалған несие рәсімдеу, онлайн қаржы пирамидалары мен киберқылмыс түрлерінен сақтану мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар нақты мысалдар келтіріп, күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар арқылы тұрғындарға пайдалы әрі маңызды кеңестер ұсынды. Семинарға арнайы шақырылған сарапшылар қатарында «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша үйлестірушісі, заңгер Жандос Әзімбай, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков, сондай-ақ PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова болды. Сарапшылар өз салалары бойынша маңызды ақпараттар ұсынып, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға нақты әрі кәсіби жауаптар берді. Мамандардың айтуынша, құқықтық және қаржылық сауаттылық – тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қаржылық сауаттың төмендігі азаматтарды түрлі алаяқтық әрекеттерге ұрындырып қана қоймай, әлеуметтік және психологиялық қиындықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан халық арасында түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды тұрақты жүргізу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан нақты кеңестер алды.
