Түркістан облысы соңғы жылдары халықаралық туризм саласында қарқынды дамып, өңірдің туристік тартымдылығы айтарлықтай күшейіп отыр. Әсіресе тарихи-рухани орталық саналатын Түркістан қаласы түркі әлемінің маңызды туристік және зиярат бағыттарының біріне айналып келеді.
Бұл үрдіске жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті ерекше серпін берді. Ауқымды халықаралық жиыннан кейін көне қалаға деген қызығушылық күрт артып, шетелдік туристер мен ішкі саяхатшылар саны едәуір өскен. Соның нәтижесінде демалыс күндері Түркістанға қатынайтын әуе рейстеріне сұраныс бірнеше есеге көбейіп, билет тапшылығы байқала бастаған.
Қаладағы қонақ үй инфрақұрылымы да жүктемеге бейімделіп, бос орындардың азаюы тіркелуде. Туристік маусымның белсенді кезеңінде тарихи-мәдени нысандарға келушілер легі көбейіп, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ең көп зиярат етілетін орталықтардың біріне айналған. Бұл қасиетті нысанға келушілер санының күн сайын артуы Түркістанның рухани маңызын айқындай түседі.
Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысы аумағына келген туристер саны 500 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Шетелдік туристер саны да өсіп, 23 мың адамға жуықтаған. Туристер ең көп келетін елдер қатарында Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия бар.
Туризм саласындағы қызмет көрсету көлемі де айтарлықтай өсім көрсетіп, орналастыру орындарының табысы 8,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өңірдегі қонақ үй бизнесі мен сервистік қызметтердің дамып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы тоқсанында-ақ туристер саны 70 мың адамға жетіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 550 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Тарихи нысандарға келушілер легі де тұрақты өсімде. 2025 жылы өңірдегі мәдени-тарихи орындарға 1 миллионнан астам адам келген болса, 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 334,8 мың адамды құрады. Бұл деректер Түркістанның тек ішкі емес, халықаралық деңгейде де тартымды бағытқа айналғанын дәлелдейді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында туристерге қызмет көрсететін инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қалада 300-ге жуық қонақ үй мен орналастыру нысандары, сондай-ақ 300-ге жуық демалыс және сервис орталықтары жұмыс істейді. Бұл туристік ағымды қабылдауға мүмкіндік беретін негізгі база болып отыр.
Әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар ағынының артуы да өңірдегі туризмнің белсенді дамуын көрсетеді. Әсіресе халықаралық және ішкі бағыттардағы рейстерге сұраныстың өсуі Түркістанның логистикалық маңызын күшейтіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Түркістанның туризм саласындағы мұндай серпіні оның тек Қазақстандағы емес, бүкіл түркі әлеміндегі рухани және мәдени орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Алдағы жылдары жаңа туристік жобалар іске қосылған жағдайда өңірдің халықаралық туристік нарықтағы орны одан әрі күшейе түспек.
