Жетісай ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары аудан аумағында ішкі көшелерді жөндеу, ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, елді мекендерге асфальт төсеу және жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар айтарлықтай қарқын алған. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, бірнеше елді мекенде маңызды жол жобалары қолға алынған.
Аудан басшылығы жол сапасын жақсарту – халықтың тұрмыс деңгейін көтерудің маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтуде. Себебі сапалы жол тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына ғана емес, әлеуметтік және экономикалық дамуға да тікелей әсер етеді. Осыған байланысты аудан әкімі Серік Мамытов жол жөндеу жұмыстарының барысын арнайы бақылауға алып, бірқатар нысандарды аралады.
Тексеру барысында аудан басшысы ең алдымен жол құрылысының сапасына ерекше назар аударды. Ол мердігер мекемелерге төселіп жатқан асфальттың сапасы, қалыңдығы, жолдың ені мен ұзындығы барлық техникалық талаптарға толық сәйкес болуы керектігін ескертті. Сонымен қатар жұмыстарды немқұрайлы орындауға жол берілмейтінін айтып, сапасыз атқарылған жұмыстар тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық туғызатынын жеткізді.
Аудан әкімі сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірінің басты кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жол мәселесі халық тарапынан жиі көтерілетін маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Сондықтан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда болуы тиіс.
Бақылау жұмыстары барысында аудан әкімі Жетісай қаласындағы әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген көшелердің бірі – Шәкәрім көшесіне барды. Қазіргі таңда аталған көшеде орта жөндеу жұмыстарын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 830 метр болатын көше аудан тұрғындары үшін маңызды жолдардың бірі саналады.
Тексеру кезінде көше бойындағы қызыл сызыққа заңсыз салынған нысандар мәселесі де көтерілді. Аудан басшысы нысан иелерімен және автотұрақ кәсібімен айналысып отырған азаматтармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол заң талаптарын сақтау ортақ міндет екенін айтып, жол құрылысына кедергі келтіретін нысандар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Мұнан кейін аудан әкімі Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніне барып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді аралады. Атап айтқанда, ұзындығы 1 шақырым болатын Көрікті көшесі мен 800 метрлік Шойын көшесіне жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жол жөндеу барысында тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Аудан әкімі жауапты сала мамандарына қажетті жол белгілерін орнатуды, жол қозғалысын реттеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Себебі жаңадан жөнделген жолдарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы аса маңызды.
Соңғы жылдары Жетісай ауданында ауылішілік көшелерді жөндеу мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Көптеген елді мекендерде бұрын тас жол мүлде болмаған көшелерге асфальт төселіп, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалуда. Бұл жұмыстар әсіресе ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп отыр.
Мамандардың айтуынша, жол инфрақұрылымын дамыту ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сапалы жолдардың пайда болуы ауылдар арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерліктің дамуына, жүк тасымалының жақсаруына және тұрғындардың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігінің артуына ықпал етеді.
Аудан тұрғындары да жол жөндеу жұмыстарының қарқын алғанына оң бағасын беруде. Олардың айтуынша, бұрын көлік жүруі қиын болған көшелердің жөнделуі халықтың тұрмысын жеңілдетіп, ауылдардың көркін арттыра түскен.
Жалпы, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан жол жөндеу жұмыстары өңір инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Алдағы уақытта аудан көлемінде тағы бірнеше көшеге асфальт төсеу және жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.
