Аққұм ауылында жаңа спорт кешені ашылып, Мұхит Әлінің арманы орындалды
Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылында ел қуанышына айналған маңызды оқиға өтті. Ауылда мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Әлінің есімі берілген жаңа спорт кешені салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілді. Бұл нысан – ауыл жастарының болашағына жасалған үлкен инвестиция ғана емес, туған жерін ерекше сүйген азаматтың орындалған арманы болды.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының тұрғындарымен қатар еліміздің әр өңірінен арнайы келген қонақтар қатысты. Жамбыл облысы мен Қызылорда облысынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан келген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Жиналған жұртшылық бұл күнді тек спорт кешенінің ашылуы ғана емес, елге еңбегі сіңген азаматтың рухына көрсетілген үлкен құрмет ретінде бағалады.
Аққұм ауылының тумасы Мұхит Оралбайұлы Әлі саналы ғұмырын мемлекет қызметіне арнаған азаматтардың бірі болды. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, өз қабілеті мен іскерлігінің арқасында жауапты қызметтерге көтерілді. Әр жылдары аудан мен қалаларды басқарды, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі секілді маңызды лауазымдарды атқарды. Қай қызметте жүрсе де ел мүддесін бірінші орынға қойып, халықтың сенімінен шығуға тырысты.
Ол тек мемлекеттік басқару саласында ғана емес, ұлттық руханият пен қоғамдық өмірде де белсенділігімен ерекшеленді. Туған жерінің өсіп-өркендеуіне ерекше көңіл бөліп, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысты. Аққұм ауылындағы мешіттің салынуына бастамашы болып, түрлі әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне қолдау көрсетті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Мұхит Әлі туған жердің мәселесіне бейжай қарамайтын, елдің мұңын тыңдап, қолдан келген көмегін аямайтын азамат болған.
Оның көптен бергі армандарының бірі – ауыл жастарына арналған заманауи спорт кешенін салу еді. Себебі ол жастардың спортпен айналысуы – ел болашағы үшін маңызды екенін жиі айтатын. Алайда тағдыр оған бұл арманын өз қолымен жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Дегенмен ел азаматтары оның бастамасын жалғастырып, асыл арманын ақиқатқа айналдырды.
Жаңа спорт кешенін ауылдың тумасы, кәсіпкер Төре Құрбанов халыққа тарту етті. Бұл игі іс ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп, туған жерге жанашырлықтың жарқын үлгісі ретінде бағаланды. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары мұндай нысанның салынуы жас ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер ететінін атап өтті.
Салтанатты жиында мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, ақын Күлия Айдарбекова және ғалым Құлбек Ергөбек сөз сөйлеп, Мұхит Әлінің ел үшін атқарған еңбегін ерекше құрметпен еске алды.
Жиында сөйлегендер жаңа спорт кешені ауыл балаларының болашағына қызмет ететін маңызды орталық болатынын айтты. Өйткені қазіргі таңда ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Сондай-ақ ел ағалары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов ақ баталарын беріп, ауыл тұрғындарына ізгі тілектерін жеткізді. Белгілі ақын Біржан Байтуов арнайы арнау оқып, болашақта Аққұм ауылынан ел намысын қорғайтын чемпиондар шығатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңында Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына құран бағышталып, ас берілді. Жиналған жұрт марқұмның елге сіңірген еңбегін еске алып, оның есімі халық жадында мәңгі сақталатынын айтты.
Жаңа спорт кешенінің ашылуы – тек бір нысанның пайдалануға берілуі емес. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ел азаматтарының бірлігінің және болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісі. Енді Аққұм ауылының жастары заманауи спорт кешенінде жаттығып, денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, үлкен спортқа жолдама алуға мүмкіндік алады.
