Түркістан облысы құрамындағы Келес ауданы аумағында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде көше жарықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, аудан көшелеріне мыңдаған жарықшам орнатылған.
Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекенде орналасқан 510 ішкі көшенің 290-на көше жарықшамдары орнатылып, халық игілігіне пайдалануға берілген. Жалпы аудан бойынша 6 754 жарықшам қойылған. Оның 6 456-сы елді мекендердің ішкі көшелерінде орналасса, 298 жарықшам республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойына орнатылған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан көшелерінің жарықтандырылу деңгейі 56,8 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдардың кешкі уақыттағы көркін арттыруға және қоғамдық тәртіпті сақтауға оң ықпал етуде.
Аталған мәселе Келес ауданы әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды. Мәжіліс барысында ауданның инфрақұрылымдық дамуымен қатар, өрт қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер де қаралды.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елдос Келесбай аудан көлемінде жүргізіліп жатқан минералды жолақ жырту жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан бойынша жалпы ұзындығы 533,23 шақырым минералды жолақ жасау жоспарланған. Қазіргі таңда Ақтөбе, Алпамыс батыр, Бірлесу, Біртілек, Жамбыл, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бұл жұмыстар толық аяқталған. Қалған аумақтардағы жұмыстарды 15 мамырға дейін толық бітіру жоспарланып отыр.
Мәжілісте сондай-ақ аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шараларының барысы да сараланды. Аудан бойынша зерттелетін жалпы аумақ көлемі 217 960 гектарды құраған. Қазіргі таңда оның 143 350 гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Шегірткеге қарсы жұмыстар 19 сектор бойынша ұйымдастырылып, оған 220 анықтаушы, 38 жауапты маман, ветеринария саласының қызметкерлері және 150 ерікті жұмылдырылған. Қазіргі уақытта барлық секторларда дәрілеу жұмыстары толық аяқталып, қайта бақылау мен мониторинг жүргізіліп жатыр.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне көше жарықтарын тұрақты бақылауда ұстап, істен шыққан жарықшамдарды қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар минералды жолақтарды белгіленген мерзімде аяқтап, шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын үздіксіз бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Жалпы алғанда, Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және ауылдық аумақтардың дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
