Түркістан облысында қала құрылысы мен сәулет саласын дамыту, жаңа нысандардың сыртқы келбетін бірыңғай стильде қалыптастыру және туристік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жобалар қаралды.
Жиын барысында жалпы саны 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер мен жобалаушылар өздерінің тың идеялары мен заманауи шешімдерін ұсынды. Талқылау барысында жобалардың эстетикалық сапасы, функционалдық тиімділігі және қалалық ортаға бейімделуі басты назарға алынды.
Облыс әкімі әрбір ұсынылған жоба бойынша нақты ескертулер мен тапсырмалар беріп, сәулеттік стандарттардың сақталуы, заманауи урбанистика талаптарына сәйкестік және тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асыру барысында сапа мен қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
Кеңес отырысында әлеуметтік және туристік маңызы жоғары бірқатар бастамалар қаралды. Атап айтқанда, Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын көркейту және инфрақұрылымын реттеу, Түркістан қаласында Рәміздер алаңын салу, сондай-ақ жол бойындағы сервистік қызметтерді дамыту бағытындағы жобалар ұсынылды.
Сонымен қатар футбол академиясын ашу, туристерге арналған жаңа демалыс және сервис нысандарын дамыту, базар аумағын қайта жаңғыртып оны туристік тартымды орынға айналдыру, Көне Арбат көшесінің сәулеттік келбетін жаңарту және қалалық ландшафтты көгалдандыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Туризмді дамыту бағытында да бірқатар тың ұсыныстар енгізілді. Олардың қатарында өрік бағын орналастыру арқылы жасыл аймақ қалыптастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшыларға арналған маршрут карталары мен «туристік паспорт» әзірлеу, сондай-ақ электромобильдерге арналған қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту бастамалары бар.
Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, көпфункционалды туристік кеңістікке айналдыру көзделіп отыр. Бұл бағытта сауда, мәдениет және демалыс элементтерін біріктіретін жаңа форматтағы қалалық орта қалыптастыру ұсынылуда.
Сонымен қатар Тәуке хан даңғылын абаттандыру, жаяу жүргіншілерге қолайлы инфрақұрылым салу, көшелерді жарықтандыру және ғимараттардың сыртқы келбетін бірыңғай архитектуралық стильге келтіру мәселелері қаралды. Бұл жұмыстар қаланың эстетикалық бейнесін жақсартуға және туристер үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Жиын соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы және Түркі елдерінің орталығын салу бастамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Бұл жобалар Түркістанның халықаралық деңгейдегі мәдени және әкімшілік орталық ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталып отыр.
