Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, аралас жекпе-жек шебері, самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспанов, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері, студенттер, коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшылары мен еріктілер қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – қала аумағында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттайтын немесе таратуға шақыратын заңсыз жарнамаларды анықтап, жою. Сонымен қатар тұрғындарға есірткінің адам өмірі мен қоғамға тигізетін зияны түсіндіріліп, азаматтардың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру көзделді.
Әсіресе жастардың интернеттегі ақпаратқа сын көзбен қарауы маңызды. Өйткені соңғы уақытта есірткіні заңсыз сатуға тарту мен оны насихаттау тәсілдері де өзгеріп, әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы тарай бастаған.
Осы мәселеге тоқталған Мұрат Жолдыхожаев мұндай жағдайда ата-ана, қоғам және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті.
«Жастардың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата білуіне көмектесу – бәрімізге ортақ міндет. Қазір интернетте түрлі ақпарат көп. Кейде адам оның заңсыз екенін аңғармай, белгілі бір жазбаны таратып немесе жарнамалап жіберуі мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін әр азамат білуі керек. Сондықтан жастарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, олардың құқықтық сауатын арттыру қажет», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтың айтуынша, есірткіге қатысты заңсыз әрекеттердің бір бөлігі интернет арқылы жасалады. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың да заңсыз іске тартылу жағдайлары бар.
«Біздің басты міндетіміз – есірткінің жастар арасында таралуына жол бермеу, оның таралу арналарына тосқауыл қою және алдын алу жұмыстарын күшейту. Қазір таңда интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіліп, заңсыз жарнамалар мен сілтемелер анықталып жатыр. Оларды бұғаттау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Өкінішке қарай, мұндай заңсыз әрекеттерге кәмелетке толмағандар да тартылуда. Жыл басынан бері 19 жасөспірім осындай іске араласып, қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылды», – деді Мұхтар Қожаев.
Оның айтуынша, есірткі жарнамасына қарсы жұмыс тек интернетпен шектелмейді. Қала көшелеріндегі ғимараттардың қабырғаларына салынған суреттер мен жазулар да тұрақты түрде анықталып, жойылып келеді. Жыл басынан бері осындай мыңнан астам жазу мен сурет өшірілген.
Акция барысында қатысушылар полиция қызметкерлерімен бірге қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, ғимараттардың қабырғалары мен қоғамдық орындардағы заңсыз жазбаларды анықтады. Табылған есірткі жарнамалары жойылып, тұрғындарға оның зияны мен мұндай әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді.
