Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтап, жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойы еліміз бойынша кеңінен аталып өтуде. Мерейтойға орай Түркістан қаласында «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының және филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн, «Ықылас Дүкенұлы» атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Жәнібеков және Өзбекәлі Жәнібеков қорының президенті Әзел Жәнібекованың қатысуымен мәдени іс-шара өтті. Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртудағы еңбегі кеңінен сөз болып, оның отандық музей ісін дамытуға, этнографиялық музейлердің ашылуына, ұлттық қолөнер мен фольклорлық өнерді насихаттауға қосқан үлесі атап өтілді. Сондай-ақ, шара аясында құнды жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Кездесу ғылыми баяндамалармен қатар, ұлттық өнерді дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы ән орындап, көпшілікке рухани әсер сыйлады. Мерейтойлық іс-шара Түркістан мен Арқалық арасындағы мәдени-рухани сабақтастықты да айшықтады. Арқалық қаласынан арнайы келген шығармашылық ұжым бүгін сағат 19:00-де Түркістан музыкалық драма театрында «Арқалықтың ақ таңы» қойылымы ұсынылады.



