Қазақстанның жаңа Конституциясында экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік еркіндігіне маңызды орын берілген. Бұл норма әсіресе инвестиция көлемі артып келе жатқан Түркістан облысы үшін өзекті.
Конституцияның 29-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасы кәсіпкерлік қызмет бостандығына және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға кепілдік беретіні бекітілген.
Меніңше, бұл норма қарапайым азамат үшін де маңызды. Себебі адам заң талаптарын сақтай отырып, өзінің біліміне, еңбегіне, мүлкіне немесе қаржысына сүйеніп кәсіп бастауға және экономикалық қызметпен айналысуға конституциялық құқыққа ие.
Түркістан облысындағы экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын инвестиция көлемінен де көруге болады. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңір экономикасына 1 триллион 135 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.
Инвестиция – тек қаржының келуі емес. Оның артында жаңа өндіріс, жаңа технология, жаңа жұмыс орындары және жергілікті тұрғындардың табыс табу мүмкіндігі тұр.
Мысалы, өңірде өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды іске асыру арқылы жүздеген жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл ретте жергілікті мамандарды даярлау мен жұмысқа орналастырудың маңызы артады.
Сарапшы ретінде айтарым, инвестициялық жобаның тиімділігін оның жалпы құнымен ғана емес, өңір тұрғынына беретін нақты экономикалық әсерімен бағалау қажет.
Яғни жаңа кәсіпорын ашылса, оның қанша адамды жұмыспен қамтитыны, жергілікті өнім көлеміне қандай үлес қосатыны және жаңа технология әкелетіні маңызды.
Конституция кәсіпкерлікке құқықтық мүмкіндік береді, ал оны нақты экономикалық нәтижеге айналдыратын – азаматтың бастамасы, бизнестің жауапкершілігі және қолайлы инвестициялық орта.
Түркістанның инвестициялық әлеуеті артқан сайын өңір тұрғындарының жаңа кәсіп пен жаңа жұмыс орындарына қолжетімділігі де кеңейе түседі.
