Фестивальге қала мектептерінің 200-ге жуық оқушысы қатысып, үш жас санаты бойынша бақ сынады. Балалар бочча, «Біз жеңімпаз боламыз!» көңілді старттары және жеңіл атлетикадан жарысты. Әр бағытта қатысушылар өздерінің ептілігін, шапшаңдығын және командалық жұмысын көрсетті.
Іс-шараның ашылуына «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова, «Әйелдер қанаты» жетекшісінің орынбасары Рамиля Искандерова қатысты.
Мұрат Жолдыхожаев фестивальдің балалар үшін маңыздылығына тоқталып, спорттың инклюзивті ортаны қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
«Бала үшін спорт – тек жарыс немесе нәтиже емес. Бұл – өз күшін сынайтын, жаңа достар табатын, қатарларымен бірге уақыт өткізетін орта. Сондықтан әр баланың спортпен айналысып, өз құрдастарымен бірге жарысқа қатысуына мүмкіндік берген маңызды. Бүгінгі фестивальдің мәні де осында. Біз балалардың бір ортада еркін араласуына жағдай жасауымыз керек», – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Фестивальді өткізуге «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, «Шымкент қаласының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігі және қаланың Балалар құқығын қорғау, білім және спорт, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі саясат басқармалары қолдау көрсетті.
Спорттық сайыстардан бөлек, қатысушылар үшін шығармашылық және еркін қарым-қатынасқа арналған «Мейірім бұрышы» ұйымдастырылды. Балалар онда «Мейірім ағашына» өз тілектерін қалдырып, естелікке суретке түсті.
Фестиваль қорытындысында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар диплом, медаль, кубок және сыйлықтармен марапатталды. Жарыста жеңімпаз атанғандар Астана қаласында өтетін республикалық сайысқа қатыды.
