«Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Орда» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен Жолдауда белгіленген басым бағыттарды талқылауға арналған кездесу өтті.
Жиынға «Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Лештаев және «Орда» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақытжан Зиябеков қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген маңызды бастамалар мен ел дамуының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, Президенттің 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысына ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұл бастаманың еліміздің құрылыс және инфрақұрылым салаларын дамытуға, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар аталған бастаманы жүзеге асыру барысында өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, елді мекендердің дамуына серпін беру және құрылыс саласындағы жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда айқындалған міндеттер мен бастамаларды іске асыру жолдары бойынша пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылау бағытындағы кездесулердің маңыздылығы атап өтілді.
