«Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Жас Қыран» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.
Жиынға «Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Лештаев, «Өркен» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қайрат Анарбаев және партия мүшесі Жандарбек Садыков қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар мен маңызды бастамалар кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысына ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұл бастаманың еліміздің инфрақұрылымын дамытуға, құрылыс саласының әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар құрылыс саласын дамыту арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары жөнінде пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды талқылау және оларды іске асыруға атсалысу мәселелеріне тоқталды.
