Әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету керек. Сенат депутаты Дана Нұржігіт нәзік жандылардың зейнетке шығу жасын азайтуды ұсынды. Ол өзінің депутаттық сауалында Қазақстандп орташа өмір сүру жасы 71-ден 70-жасқа төмендегенін айтты.
Жалпы әйелдердің зейнет жасын көтеру туралы шешім 2015 жылы қабылданған. Ал бұл кезде Қазақстандағы орташа өмір сүру жасы есепке алыныпты. Алайда 2021 жылы бұл көрсеткіш төмендеген. Өйткені, 2020 жылы пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22 пайызға өскен. Сондықтан, әу бастағы әйелдердің зейнет жасын көтеру туралы бастама қазіргі статистикаға сай емес.
«Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, онда келесі ұрпақ жұмыссыз қалады деген сөз. Соңғы кездері үкіметтің зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатқанын білеміз. Осыған байланысты, азаматтардың сенаторларға жолдаған көптеген өтінішін ескере отырып, әйелдердің 58 жасында зейнетке шығу жасын белгілеуді, ал еңбегін одан әрі жалғастыру мәселесін өз еркіне қалдыруды ұсынамыз”,-деді Дана Нұржігіт.
Сенатор қазір Қазақстанда еңбекке қабілетті 9 млн-нан астам адамның 453,1 мыңы жұмыссыз екенін мәлімдеді. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы 9 262 адам жұмыс іздеп жүр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен. Сондай-ақ бұлардың қатарына жыл сайын жоғары оқу орындарының түлектері қосылады.
Мөлдір Ибадуллаева