Биыл қазақтың ардақты ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. Бүгін Созақ ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған мазмұнды шаралар бастау алды.
Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде С.Қожановтың 130 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тұлғаның өнегелі өмірі мен еліне арнаған істерін халқына жеткізіп, келбетін таныту мақсатында ұйымдастырылған конференцияны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ. к, ауданның Құрметті азаматы Нариман Нұрпейісов жүргізіп отырды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін Созақ өңірінде ғибратқа толы кеш бастау алып жатыр. Ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен біртуар жанның мерейтойына арналған конференцияға қош келдіңіздер! Қазақтың маңдайына біткен тұлғаның қазақтың ұлт болып ұйысуына қосқан еңбегі ұшан теңіз. Сұлтанбек көшбасшылар салып берген дара жолды өскелең жас ұрпаққа насихаттап, рухани құндылықтарын дарытуда аянбай еңбек етуіміз қажет деп білемін. Оның дара жолын жалғап, насихат жұмыстары бұдан да әрмен қарай толыға берсін деп тілеймін. Арнайы қатысып отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деген Бейсенбай Дәулетұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын табыстады.
Сонымен қатар, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл толуына арналған « Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтап, алқалы жиында тың деректер мен салмақты ой-пікірлер талқыланарына сенемін білдірді.
— Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Сұлтанбек Қожанов тек қазақ халқы емес, бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған тұлға. Сондықтан, халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр. Біз Сұлтанбек Қожановтай асыл перзентіміз жайлы куғын – сүргін дәуірінен жеткен құнды деректерді айдай әлемге танытып, оны рухани мұрамызды ардақтау үшін тиімді пайдалануымыз керек. Ардақты ердің ұланғайыр мұрасын зертеушілердің еңбектері бұған толық мүмкіндік берері анық. Қожановтанушылардың қатары жылдан-жылға толығып, ұлы тұлғаның ғұмырнамасына деген қызығушылықтың арта түсуі – осының айқын дәлелі. Қашанда мәдени құндылықтарымыз бен ел тарихының алтын қазынасын келесі мыңжылдықтарға жеткізу жолындағы қызметтеріңізге береке, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілеймін,-деді аудан басшысы.
Тағылымды шараға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректоры Гүлжан Сүгірбаева, Бейбіт Қойшыбаев, Дандай Ысқақұлы, Тұрсын Хазіретәлі бастаған қожановтанушы ғалымдар, немересі Санжар Қожанов, көршілес Өзбекстан Республикасы және еліміздің әр өңірінен келген делегация мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шарадан соң Құметті қонақтар арнайы дайындалған ақ дастархан басында бас қосты. Онда зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары ізгі тілектерін арнап, арнайы құран бағышталды.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған іс-шара әрі қарай қоғам қайраткерінің туған ауылы Ақсүмбеде жалғасады. Арнайы дайындалған концерттер, гүл шоғын қою рәсімі, ақындар айтысы секілді іс-шаралармен толыға түспек. Мәдени көпшілік шараның мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың өнегелі өмірін насихаттау.
Бүгінгі конференцияда Әл – Фараби атындағы ҚҰУ –нің профессоры, ф.ғ.д Дандай Ысқақұлы «Сұлтанбек Қожановтың әдебиетіне қызметі»,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ- нің профессоры ф.ғ.д Құлбек Ергөбек «Қоғам һәм қалам қайраткері»,
Жазушы т.ғ.к Бейбіт Қойшыбаев «Қожанов межелеу науханында»,
ф.ғ.к, Роман – драмма халықаралық журналының бас редакторы Жолтай Әлмашұлы «Сұлтанбек Қожановтың қаламгерлік және қайраткерлік қырлары»,
Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ –түрік университетінің профессоры, т.ғ.д Тұрсын Хазіретәлі «Сұлтанбек Қожановтың Ұлттық мемлекет қалыптастыру тұжырымдамасы»,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, ф.ғ.д ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі Шәріп Амантай «Сұлтанбек Қожанұлы – Түркі әлемінің тарлан тұлғасы»,
Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, т.ғ.к Болат Қабдышев «Саяси билік басындағы қазақ қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолындағы күресі. 1924 – 1929 ж.ж»,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің профессоры, т.ғ.д Әлібеков Сейдахан «Сұлтанбек Қожанов пен Сейілбек Үсенов арасындағы рухани байланыс »,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, т.ғ.к Салқынбек Досалы «Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүдде жолындағы күресі»,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің профессоры, ф.ғ.к Әбдіжаппар Тұрашбеков «Сұлтанбек Қожанов –қазақ рухының биік тұлғасы»,
Ж.А.Ташенов университетінің доценті, ф.ғ.к Мамыт Амангелді «Сұлтанбек Қожанов және қазақ тілінің мемлекеттік мәселелері»,
Өзбекстан Респуликасынан келген профессор, ф.ғ.д Раджабов Кахрамон «Роль и место Султанбека Ходжанова истории Турскестанской АССР»,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ доценті, ф.ғ.к Нариман Нұрпейісов «Қайраткер Қожанов – алаш ардақтыларының жанашыры»,
Ф.ғ.к доцент. Ахмет Байтұрсынұлы Білім академиясының директоры Еркінбай Ұлан «Ұрпақ тәрбиесі және Сұлтанбек Қожановтың көшбасшылық тұлғасы» тақырыптарында баяндама жасап, алдағы уақытта тұлғаны танытуға баса назар аудару керектігін айтты.