Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 28 жаңа мектеп пайдалануға берілді, білім беру саласында ірі жетістіктерге қол жеткізілуде. Түркістан облысында білім беру жүйесін дамыту және мектеп тапшылығын жою мақсатында «Келешек мектептері» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
– Мемлекет басшысы білім мен адами капиталды дамыту экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін атап өтті. Осыған орай, облыста нақты және жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Білім беру жүйесіндегі мектеп тапшылығын жою мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 23 мың орындық 29 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 28 мектеп пайдалануға берілді. Қалған 1 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар, облыста жергілікті бюджет есебінен 17 мектеп салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 4 мектеп пайдалануға берілсе, қалған мектептер келесі жылға өтпелі. Аудандық және қалалық мектептердің сапасын жақсарту мақсатында 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
IT және жоғары білім саласындағы жетістіктер
Мемлекет басшысы білім беру саласындағы жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға және IT технологиясын дамытуға ерекше назар аударды. Осы бағытта Түркістан қаласында Оңтүстік Кореямен бірлесіп «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылды. Университеттің оқу қабілеті – 2 мың студент, ал әкімдік тарапынан 100 грант бөлінді. Қазіргі уақытта 108 студент оқу процесін бастады. Сонымен қатар, университетте Оңтүстік Кореядан келген 70 студент тәлім алып, білім беру саласында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту
Президентіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Түркістан облысында 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл колледжді бітірген 14 806 түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылған, олардың 5 мыңға жуығы – жұмысшы мамандық иелері. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінді, бұл саладағы кадр тапшылығын төмендетуге және өңір экономикасына қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласындағы даму
Денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі медициналық нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Биыл жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимарат салынады. Сонымен қатар, үш аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7%-ға жетіп отыр.
Аталған шаралар білім беру мен денсаулық сақтау саласында жүйелі даму мен сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. «Келешек мектептері» жобасы, IT университеттерінің ашылуы, колледждерде мамандарды даярлау, сондай-ақ медициналық инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Түркістан облысында білім мен денсаулық саласында қолға алынған барлық бастамалар – елдің болашақ дамуының маңызды тірегі болып отыр.
