Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудан орталығы Темірлан елдімекенінде жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы ауқымды жобалардың орындалу барысын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Аудан басшысы әр нысанда атқарылған жұмыстардың сапасына, мерзімдік орындалуына және эстетикалық талаптардың сақталуына жіті назар аударып, жауапты мекемелердің жұмысын қадағалады.
Алдымен аудан әкімі Шымкент бағытынан Темірланға кіре берістегі арнайы қоршалған 4,5 гектар аумақты аралап көрді. Бұл аймақта ауданның көрігін келтіретін жасыл белдеу қалыптастыру үшін ағаштар отырғызылып, тамшылатып суару жүйесі тартылуда. Жоспарға сәйкес сәндік талдар, жапырақты және қылқан жапырақты ағаш түрлері, бұталар егіліп, көпжылдық өсімдіктермен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 500 ге жуық жас көшет егілмек. Азат Оралбаев мұндағы жұмыс барысын көріп, тал егу ісіне өзі де атсалысып, егілген көшеттердің жерсінуі мен олардың ұзақ мерзімді өсуіне қажетті күтім шараларын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі аумақты кеңейту мүмкіндігін қарастырып, лайықты көрнекі қақпа орнатуды, нысанға атау беруді және қосымша жеміс ағаштарын отырғызуды ұсынды. Ол талдардың уақытылы күтімін, қорғалуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін атап өтті.
Бұдан кейін аудан басшысы Шәмші аллеясына қарама-қарсы орналасқан шатқал аумағындағы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Қазіргі таңда шатқалдағы қыраттар тегістеліп, 3 гектардан астам жер гүлзарлар мен сәндік ағаштар отырғызуға дайындалған. Болашақта бұл аумақ тұрғындар мен қонақтар серуендеп, тынығатын ерекше демалыс орнына айналмақ. Жоспарға сәйкес мұнда шағын архитектуралық үлгілер, демалыс орындықтары, жарықтандыру жүйелері және ландшафтық дизайн элементтері орнатылмақ. Әкім нысанның жобалық жоспарымен визуалды әрі техникалық тұрғыда танысып, жобаны жетілдіру үшін бірқатар толықтырулар мен түзетулер енгізді.
Келесі кезекте Азат Оралбаев Темірланнан Ынталы ауылына бұрылыстағы үлкен аллея құрылысының барысын қадағалады. Бұл жерде жол жиегін абаттандыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жасау, спорт және ойын алаңшаларын орналастыру, гүлзарлар мен тал-теректерді отырғызу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар аллея маңында орналасқан жеке меншік нысандардың келбетін реттеу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жол бойындағы жарықтандыру бағаналары жаңартылып, жалпы аумақтың көркемдік талабына сәйкестендірілуде. Әрбір нысанда аудан әкімі мердігерлермен және жауапты бөлім басшыларымен нақты мәселелерді талқылап, орындалуы тиіс міндеттерді айқындап, жұмыстың нәтижелі әрі жүйелі атқарылуын талап етті.
Азат Оралбаев Темірланның кіреберісі мен орталық бөлігінің заманауи келбетке ие болуы ауданның келбетіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеу қажет екенін жеткізді.
