Түркістан облысында су ресурстарын тиімді басқару, суару жүйесіндегі ашықтықты арттыру және фермерлерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында суару суын жеткізуге арналған келісімшарттарды цифрлық форматта рәсімдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта облыстың бірқатар аудандарында жаңа биллинг ақпараттық жүйесін енгізу бойынша түсіндіру және пилоттық жұмыстар басталды.
Пилоттық жоба: 5 ауданды қамтиды
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және «Қазсушар» РМК мамандарынан құралған жұмыс тобы Түркістан облысының:
Жетісай,
Мақтаарал,
Шардара,
Созақ,
Отырар
аудандарында жаңа цифрлық биллинг жүйесін пилоттық режимде енгізуді қолға алды.
Бұл өңірлердің таңдалуы – ауыл шаруашылығы кеңінен дамыған, суармалы жер көлемі жоғары және су ресурстарына сұраныс тұрақты болатын аймақтар ретінде ерекшеленуіне байланысты.
Шаруалармен тікелей жұмыс жүргізілуде
Жұмыс тобы жергілікті жерде:
шаруалармен,
канал басшыларымен,
су пайдаланушылар бірлестіктерінің өкілдерімен
кездесулер өткізіп, жаңа жүйенің жұмыс тәртібін, артықшылықтарын және қолдану тетіктерін жан-жақты түсіндіруде.
Сонымен қатар, пилоттық кезеңде анықталған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер жедел шешіліп, су есебін жүргізу мен қызмет көрсету процестерін толық цифрландыруға біртіндеп көшу қамтамасыз етіліп жатыр.
Қағазбастылықтан – толық цифрлық форматқа
Жаңа биллинг ақпараттық жүйесінің негізгі мақсаты – суару суын жеткізуге қатысты барлық процесті толық цифрлық форматқа көшіру. Атап айтқанда:
су беру жөніндегі өтініштер,
келісімшарттар,
төлемдер,
көрсетілген қызметтер бойынша актілер
барлығы онлайн режимде рәсімделеді.
Фермерлер мен су пайдаланушылар енді суару маусымына қатысты құжаттарды қағаз жүзінде жинап, мекемелерді араламай-ақ, бір платформадан бірнеше минут ішінде рәсімдей алады.
Интеграцияланған жүйе – ашықтық пен тиімділік кепілі
Цифрлық платформа:
Бірыңғай жер кадастрымен,
салық жүйесімен,
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен
толық интеграцияланады. Бұл өз кезегінде пайдаланушылардан қосымша анықтамалар талап етпей, барлық қажетті деректерді автоматты түрде алуға мүмкіндік береді.
Өтініштер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы расталады, ал электронды келісімшарт:
су беру кезегін автоматты түрде айқындайды;
су көлемін нақты есепке алады.
Төлемдер мобильді қосымшалар мен интернет-банкинг арқылы жүзеге асырылады. Барлық қаржылық операциялар мен құжаттар пайдаланушының жеке кабинетінде сақталады.
Су ресурстарын басқарудағы жаңа кезең
Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе:
су беру мен тұтыну көлемін нақты бақылауға;
су ресурстарын әділ бөлуге;
жоспарлау мен талдауды жақсартуға;
адами факторды азайтуға
мүмкіндік береді.
Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла жаңа жүйенің маңызын ерекше атап өтті:
«Цифрлық биллинг платформасын енгізу су шаруашылығы саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттырады. Бұл жүйе су беру және су тұтыну көлемдерін нақты бақылауға, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды жоспарлап, басқаруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Аграрлық өңір үшін стратегиялық қадам
Суармалы егіншілік басым дамыған Түркістан облысы үшін бұл цифрлық жоба – аграрлық секторды тұрақты дамытудағы стратегиялық қадам. Жүйе толық іске қосылған жағдайда:
фермерлердің шығыны азаяды;
қызмет көрсету уақыты қысқарады;
су ресурстарын басқару заманауи деңгейге көтеріледі.
Алдағы уақытта пилоттық жоба нәтижелері сараланып, жүйені облыстың өзге аудандарына және республика көлемінде кеңінен енгізу жоспарланып отыр.
