Түркістан қаласында медицина саласындағы тарихи оқиға жүзеге асты. Алғаш рет жоғары технологиялық нейрохирургиялық процедуралар – кезбе жүйкені ынталандыратын аппаратты (Vagus Nerve Stimulation – VNS) имплантациялау операциялары сәтті орындалды. Бұл – өңірлік медицинаның дамуына серпін беретін, сондай-ақ ауыр неврологиялық дертке шалдыққан науқастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам.
Дәріге төзімді эпилепсияны емдеудегі заманауи тәсіл
VNS әдісі дәріге төзімді эпилепсияның ауыр түрлерінде қолданылады. Мұндай жағдайларда науқастар жоғары дозадағы бірнеше антиэпилептикалық препараттарды қабылдағанымен, ұстамалар толық тоқтамайды немесе жиілігі азаймайды. Бұл олардың өмір сапасына, еңбекке қабілеттілігіне және әлеуметтік бейімделуіне айтарлықтай кері әсер етеді.
VNS жүйесі арнайы аппаратты кезбе жүйкеге (nervus vagus) хирургиялық жолмен имплантациялау арқылы жүзеге асады. Аппарат жүйкеге белгілі бір жиілікпен әлсіз электрлік импульстар жіберіп, ми қызметін тұрақтандыруға ықпал етеді. Нәтижесінде ұстамалардың жиілігі мен ауырлығы айтарлықтай төмендеп, кейбір науқастарда олардың мүлде азаюына немесе бақылауға алынуына мүмкіндік береді.
Түркістанда алғаш рет – отандық медицинаның жаңа белесі
Аталған операциялар Түркістан қаласында алғаш рет жасалды. Бұған дейін мұндай күрделі жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмекті науқастар тек елордалық немесе ірі республикалық медициналық орталықтардан алуға мәжбүр болатын. Енді бұл қызмет өңір тұрғындарына өз аймағында қолжетімді болып отыр.
Бұл бастама Түркістан қаласындағы нейрохирургиялық қызметтің сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді әрі облыстың медициналық әлеуетін айқындай түседі.
Тәжірибе алмасу және мастер-класс форматында өтті
Жоғары технологиялық оталар аясында арнайы мастер-класс ұйымдастырылып, жетекші нейрохирург мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Операцияларды бірлесіп жүргізген дәрігерлер:
Азат Сәлімұлы Шпеков – нейрохирург, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің «Астана» медициналық орталығы директорының хирургиялық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары;
Асқар Қосылбайұлы Бахтияров – Түркістан қалалық орталық ауруханасының нейрохирургі, Облыстық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі;
Хамит Әлібек Үсенұлы – Түркістан қалалық орталық ауруханасының нейрохирургі.
Мастер-класс барысында VNS аппаратын имплантациялау кезеңдері, науқастарды іріктеу критерийлері, операциядан кейінгі бақылау және оңалту мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және болашақта мұндай операцияларды өз бетінше жүргізуге жол ашады.
Өңір тұрғындары үшін қолжетімді жоғары технологиялық көмек
Түркістанда VNS секілді күрделі нейрохирургиялық процедуралардың енгізілуі – облыс тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Енді ауыр эпилепсиямен ауыратын науқастар облыстан шықпай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін, жоғары мамандандырылған медициналық көмек ала алады.
Бұл:
ұзақ жолға шығу қажеттілігін жояды;
уақыт пен қаржылық шығынды азайтады;
ерте әрі уақтылы ем алуға мүмкіндік береді.
Аймақтық медицинаның дамуына қосылған зор үлес
Жоғары технологиялық нейрохирургиялық әдістердің Түркістанда енгізілуі – аймақтық медицинаны дамытудың нақты көрінісі. Бұл бастама тек эпилепсияны емдеумен шектелмей, алдағы уақытта басқа да күрделі нейрохирургиялық оталарды жергілікті деңгейде енгізуге негіз қалайды.
Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, мүгедектік деңгейін төмендетуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
