Түркістан облысында өндіріс саласын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі сәтті жүзеге асып, өңір экономикасына тың серпін берді. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта «ER-QAN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластик (желім) ыдыстарын өндіретін зауыты ресми түрде іске қосылды.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, өндіріс нысанын аралап көрді. Аймақ басшысы зауыттың өндірістік қуатымен, технологиялық желілерімен танысып, еңбек ұжымымен және инвесторлармен пікір алмасты.
Өңір экономикасы үшін маңызды жоба
Салтанатты шара барысында облыс әкімі жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіпорын – сол тапсырмалардың нақты орындалып жатқанының айқын дәлелі, – деді Нұралхан Көшеров.
Инвестиция және жаңа жұмыс орындары
Аталған өндіріс орны жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып, жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрайды. Зауыт іске қосылуымен бірге 30-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етпек.
Жаңа кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылып, өнім сапасы халықаралық талаптарға сай өндіріледі. Полиэтилен пакеттері мен пластик ыдыстарға деген сұраныстың жоғары екенін ескерсек, зауыттың өнімдері ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта экспортқа да бағытталмақ.
Экспорттық әлеует пен кәсіпкерлік даму
Өңір басшысы жаңа өндіріс экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазіргі таңда полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады. Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімнің нақты көрсеткіші, – деді облыс әкімі.
Түркістан – инвестиция тартудың жаңа орталығы
Айта кету керек, 2025 жылдың алғашқы 10 айында Түркістан облысының негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар облыста 2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Өндірістік өңірге айналу жолындағы нақты қадам
«ER-QAN GROUP» ЖШС-нің жаңа зауыты – Түркістан облысының индустриялық әлеуетін күшейтуге, импортты алмастыруға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған нақты қадам. Мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, Түркістанды өндірісі дамыған, инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналдыруға негіз болмақ.
