Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, көгалдандыру көлемін ұлғайту және жасыл инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта облыс аумағында заманауи талаптарға сай орман тұқымбақтарын құруға ерекше көңіл бөлінуде.
Аталған бастамалардың бірі Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде, жаңа әуежайға апаратын тасжол бойында жүзеге асырылуда. Мұнда жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын заманауи орман тұқымбағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі – Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, ал мердігер ұйым – «Нинес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Құрылыс барысымен танысу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін жеке бақылауына алды. Сапар барысында облыс басшысы өңірді көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді әрі жүйелі түрде жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде және жоғары сапада аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жаңа заманауи орман тұқымбағының негізгі мақсаты – облыс аумағындағы қала және аудан орталықтарын, ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында қалыптасқан жасыл белдеуді әртүрлі қылқан жапырақты, сәндік ағаш және бұта көшеттерімен үздіксіз қамтамасыз ету.
Жоба аясында тұқымбақ аумағында 6 жылыжай, бассейн, көлеңкелеу алаңдары, тамшылатып суару жүйесі, жылыту қазандығы, орманшылар үйі, ұңғыма, бастырма және жертөле салу көзделген. Қазіргі уақытта нысанда газ, су және электр желілерін тарту жұмыстары толық жүргізілген.
Тұқымбақтың жобалық қуаттылығы жылына 1 575 000 түп көшет өндіруге мүмкіндік береді. Нысан толық іске қосылған соң 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, алдағы жылдары Түркістан облысы аумағындағы тұқымбақтардың көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы барлық жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.
Айта кету керек, 2026–2028 жылдар аралығында осы заманауи орман тұқымбағында 1 040,0 млн түп әртүрлі сәндік жапырақты және бұта тектес ағаш көшеттерін өсіру көзделген. Бұл көрсеткіш өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға, климаттық жағдайды жақсартуға және жасыл желектердің санын арттыруға елеулі үлес қоспақ.
Жалпы, заманауи орман тұқымбағының іске асуы Түркістан облысының экологиялық дамуына серпін беріп, өңірді көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
