2025 жыл Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму тарихында бетбұрыс кезең ретінде қалды. Өңір алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімін жинап, экономикалық моделіндегі сапалық өзгерісті айқын көрсетті. Бұл көрсеткіш кездейсоқ жетістік емес, керісінше жүйелі, ұзақмерзімді және институционалдық экономикалық саясаттың нақты нәтижесі.
Салық түсімдерінің осындай деңгейге жетуі өңір экономикасының көлеңкелі айналымнан ашық есепке, бейберекет өсімнен нақты жоспарланған даму траекториясына көшкенін білдіреді. Түркістан облысы үшін бұл – экономикалық тұрақтылық пен өзін-өзі қамтамасыз етуге бағытталған жаңа кезеңнің бастауы.
Экономикалық модельдің трансформациясы
Соңғы жылдары облыс аумағында іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар тұрақты салық базасын қалыптастыра бастады. Бұрын инвестициялық кезеңде болған жобалар бүгінде қаржылық қайтарым беретін нақты өндірістік фазаға өтті. Әсіресе индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылған жобалар өңір бюджетінің негізгі тірегіне айналуда.
Бұл өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған басымдықтардың өңірлік деңгейде нақты іске асқанын көрсетеді. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және адами капиталды күшейту – Түркістан облысында қағаз жүзінде емес, нақты көрсеткіштермен бекітілді.
Индустриялық серпін және салық құрылымының өзгеруі
Салық түсімдерінің құрылымына назар аударсақ, өнеркәсіп пен өңдеу секторларының үлесі айтарлықтай артқанын көреміз. Бұл – облыс экономикасының біржақты аграрлық бағыттан шығып, индустриялық даму сатысына нық қадам басқанын білдіреді. Өңдеу өнеркәсібі арқылы қосылған құн қалыптасып, жергілікті бюджетке тұрақты әрі болжамды түсімдер түсе бастады.
Инвестициялық жобалар нәтижесінде мыңдаған тұрақты жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың табысы артты. Бұл өз кезегінде ішкі тұтынуды күшейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін берді. Ең маңыздысы – өңірдің дотациялық тәуелділігі кезең-кезеңімен төмендей бастады.
Шағын өндірістік парктер – жаңа индустрияның негізі
Отандық өндірісті кеңейту және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында облыстың барлық аудан, қалаларында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асырылуда. Бұл бастама өңірдің экономикалық картасын түбегейлі өзгертуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобалардың іске асу барысын жеке бақылауында ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу жұмыстарын үйлестіріп келеді. Бүгінде облыс аумағында жалпы көлемі 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы инвестиция көлемі 213 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда 40 ғимараттың құрылысы толық аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тартылған инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Бұл – шағын өндірістік парктердің қысқа мерзімде нақты экономикалық қайтарым беріп отырғанын көрсететін айқын дәлел.
Өндірістік парктерде бүгінде жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар, құрылыс материалдары шығарылатын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Алдағы кезеңде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз, тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығу көзделіп отыр.
Индустрия – өңір экономикасының драйвері
2025 жылы индустрия саласы Түркістан облысы экономикасының нақты драйверіне айналды. Бір ғана желтоқсан айында 7 зауыт іске қосылып, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды. Бұл – өңірде өндірістік белсенділіктің жоғары деңгейге шыққанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, облыста индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы аясында ондаған ірі жоба жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба іске асу сатысында тұр.
Инвестиция → жұмыс орны → салық: нақты тізбек
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш инвестицияның тек статистикалық сан емес, нақты экономикаға, тұрақты табыс пен салық базасына айналғанын дәлелдейді.
1 триллион теңгеден асқан салық түсімі – Түркістан облысы үшін экономикалық жетістік қана емес, институционалдық кемелденудің көрсеткіші. Бұл – өңірдің өз әлеуетіне сүйеніп даму жолына түскенін, индустриялық және инвестициялық саясаттың дұрыс таңдалғанын айғақтайды.
Алдағы кезеңде бұл серпін сақталып, Түркістан облысы индустриясы дамыған, инвестицияға ашық, қаржылық тұрғыдан тұрақты өңірлердің қатарына нық қосылады деген сенім мол.
