Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының алғашқы түлектеріне арналған салтанатты куәлік табыстау рәсімі өтті. Елдің рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болған бұл шараға дін саласының өкілдері, ұстаздар, түлектер мен зиялы қауым қатысты.
Салтанатты жиынға Наурызбай Тағанұлы мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, оқу бағдарламасын табысты аяқтаған түлектерге жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы сөз сөйлеп, қазіргі қоғамда имамдардың білімі мен рухани жауапкершілігінің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, дін қызметкерлерінің білімін үздіксіз жетілдіру – қоғамдағы тұрақтылық пен діни сауаттылықты нығайтудың басты тетіктерінің бірі.
– Имам – халыққа бағыт-бағдар беретін рухани көшбасшы. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен біліктіліктеріңіз ел болашағы үшін аса маңызды. Қоғамда татулық пен бірлікті сақтауда, жастардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруде сіздердің атқаратын қызметтеріңіз ерекше, – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ол түлектерді ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырып, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мен қоғамдағы рухани тұтастықты сақтау ісінде белсенді болуға үндеді. Жиын соңында оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге арнайы куәліктер табысталып, олардың алдағы қызметіне сәттілік тілінді.
Өз кезегінде Ертай Алтаев Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи әрі рухани орнына ерекше тоқталды. Ол қасиетті шаһардың ғасырлар бойы ислам мәдениеті мен ұлттық құндылықтардың орталығы болып келе жатқанын атап өтті.
– Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, күллі түркі жұртының рухани астанасы. Мұнда білім алған әрбір дін қызметкері халқымыздың салт-дәстүрін, рухани мұрасын және ұлттық құндылықтарын дәріптеуге үлес қосуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар ол институт түлектерінің алған білімдері қоғамдағы діни сауаттылықты арттыруға, жастар тәрбиесіне оң ықпал етуге және теріс діни ағымдардың алдын алуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты – дін қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды білім ордасы. Мұнда имамдар діни білімдерін тереңдетумен қатар, қазіргі заман талабына сай жұмыс жүргізу бағытында да арнайы даярлықтан өтеді. Атап айтқанда, жастармен жұмыс жүргізу, қоғаммен тиімді байланыс орнату, зайырлы мемлекет қағидаттарын түсіндіру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және радикалды діни ағымдардың алдын алу бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.
Бүгінде қоғамда діни сауаттылықты арттыру мәселесі өзекті болып отырған кезеңде мұндай институттардың маңызы ерекше. Себебі білікті әрі сауатты имамдар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтауда маңызды рөл атқарады.
Салтанатты шара рухани құндылықтарды дәріптеген мазмұнды кездесуге ұласып, қатысушылар дін мен дәстүр сабақтастығы жайында пікір алмасты. Институттың алғашқы түлектеріне куәлік табысталу рәсімі еліміздегі діни білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
