Түркістан облысы аумағында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкесінен қорғау бағытындағы химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі таңда өңірдің 9 ауданында 275 мың гектардан астам жер арнайы химиялық препараттармен өңделіп, зиянкестердің таралуына қарсы кешенді шаралар қолға алынған.
Облыс әкімдігі мен жауапты мекемелердің мәліметінше, биыл шегірткеге қарсы күрес науқаны ерте басталып, барлық аудандарда бақылау жұмыстары күшейтілген. Мамандардың айтуынша, өңірдегі егістік алқаптары мен жайылымдарды сақтап қалу үшін дер кезінде жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстары аса маңызды.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы ауданы аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды арнайы барып тексерді. Ол өңдеу жүргізілген жерлерді аралап, мобильді топтардың жұмысымен танысты. Аудан әкімдігі 3 сектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп беріп, қазіргі таңда Қараспан, Қажымұқан, Бөржар және Бадам ауылдық округтерінде жалпы 12 522 гектар жер химиялық өңдеуден өткенін хабарлады.
Зиянкестерге қарсы күреске мердігер мекемелердің техникаларымен қатар қосымша арнайы техникалар да тартылған. Жалпы Ордабасы ауданындағы жұмыстарға 10 негізгі техникадан бөлек, тағы 17 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар шегіртке ошақтарын анықтау және мониторинг жүргізу жұмыстарына 70-тен астам маман қатысып жатыр. Жауапты мамандардың айтуынша, қажетті химиялық препараттар қоры жеткілікті және барлық ауданға толық көлемде жеткізілген.
Тексеру барысында облыс әкімінің орынбасары химиялық өңдеу жүргізілген аумақтарды қайта бақылаудан өткізіп, ауданаралық шекараларда қадағалауды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, зиянкестердің бір ауданнан екінші ауданға таралуының алдын алу үшін тұрақты мониторинг пен жедел әрекет ету аса маңызды.
Орталық штаб ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысында 796,88 мың гектар жер зерттелген. Зерттеу нәтижесінде 285,71 мың гектар аумақта шегіртке саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Осыған байланысты қазіргі таңда 275,11 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген.
Кең көлемді науқанға жалпы саны 250 арнайы техника мен 51 су тасымалдаушы көлік тартылған. Мамандар өңдеу жұмыстары күн сайын үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтады. Әсіресе Келес ауданы аумағында өңдеу көлемі 140 мың гектардан асқан. Ал Сарыағаш ауданы бойынша 57 мың гектардан астам жер өңделсе, Арыс қаласы аумағында 51 мың гектардан астам алқап дәріленген.
Бұдан бөлек Бәйдібек ауданы, Шардара ауданы, Түлкібас ауданы, Сауран ауданы және Қазығұрт ауданы аумақтарында да шегірткеге қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Мамандардың айтуынша, көктемгі ауа райының қолайлы болуы зиянкестердің көбеюіне әсер еткен. Сондықтан ауыл шаруашылығы алқаптарын сақтау үшін барлық күш жұмылдырылып отыр. Жергілікті билік өкілдері химиялық өңдеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін бақылау мен мониторинг тоқтамайтынын мәлімдеді.
