Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты даму бағытындағы жұмыстарды талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста экономика, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар өңір Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ерекше назар аударып келеді.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Түркістан облысының халқы 2 миллион 146,7 мың адамға жеткен. Оның ішінде 545,1 мың адам немесе 25,4 пайызы қалалық жерде тұрса, 1 миллион 601,6 мың адам, яғни 74,6 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Бұл көрсеткіш облыстың аграрлық бағыттағы аймақ екенін аңғартады.
Кездесуде өңірдегі экономикалық өсім көрсеткіштері де сөз болды. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 119,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шыққаны айтылды. Облыс басшылығы бұл нәтижеге өндіріс көлемінің артуы, ауыл шаруашылығының дамуы, инвестиция тарту және инфрақұрылымдық жобалардың ықпалы зор екенін жеткізді.
Жиын барысында экологиялық тұрақтылық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңірде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл технологияларды енгізу, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен бірге көші-қон үдерістері мен әлеуметтік интеграция мәселелері талқыланып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар сөз болды.
Кездесуде гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен қозғалды. Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі саналады. Қазіргі таңда өңірде 400 мыңнан астам отбасы тұрады. Сонымен қатар көпбалалы аналардың басым бөлігі де осы облыста өмір сүреді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі немесе 28,1 пайызы – әйелдер. Оның ішінде 233 әйел басшылық қызметтерді атқарып келеді. Бұл көрсеткіш әйелдердің мемлекеттік басқару саласындағы белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы үлесі де жоғары. Облыстағы 210 мыңнан астам кәсіпкердің 91 мыңнан астамы әйел азаматтар. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 43,1 пайызын әйелдер басқарады. Кездесуде әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын нығайту және азаматтық қоғам институттарын қолдау мәселелері де талқыланды.
Жиын соңында Ертай Алтаев БҰҰ арнайы баяндамашысының тәжірибесі мен халықаралық сараптамалық көзқарасы өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай пікір алмасулар Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге және халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
