«Әділет» партиясының штаб мүшелері «Balabi Textile» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлік саласын өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өндіріс саласын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған бастамаларға тоқталды.
Спикерлер өз сөздерінде партия қызметінің негізінде әділеттілік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс секілді бес басты құндылық жатқанын атап өтті. Сондай-ақ «Заң және тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру, еңбек мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны абаттандыру бағыттарында маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Бұдан бөлек, партияның басты ұстанымы – жалпыұлттық басымдықтарды қала тұрғындарының нақты қажеттіліктерімен ұштастыру екені айтылды. Осы орайда мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктері аясында бастамалардың жүзеге асырылуына ықпал етіп қана қоймай, олардың орындалуына да бақылау жасауы маңызды екені атап өтілді.
Спикерлер 2031 жылға қарай Шымкент қаласы өнеркәсібі өркендеген, халықтың өмір сүру сапасы артқан, инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңартылған және әрбір қабылданған міндеттеменің орындалуына жауапкершілік жүктелген өңірге айналуы тиіс екенін жеткізді.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасу жүргізілді.
