Түркістан облысында өңір экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер өтті. Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен ресми кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты әріптестікті нығайту, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталып, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, Түркістан облысы табиғи, экономикалық және логистикалық тұрғыдан жоғары әлеуетке ие.
– Түркістан облысының мүмкіндігі мол. Ауыл шаруашылығы саласында өнімді терең өңдеуді дамытуға, индустриалды аймақтарда өндірісті өркендетуге толық жағдай бар. Біз жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу арқылы жұмыс орындарын көбейтуге, өңір экономикасын әртараптандыруға мүдделіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында «Qingdao Wanlin» компаниясының басшысы Яньтао Ли сөз сөйлеп, облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолайлы жағдайлар мен ашық саясат үшін алғысын білдірді. Ол өз компаниясының жаңа инвестициялық жобаларымен таныстырып, Түркістан облысында өндіріс саласын дамытуға дайын екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуге арнайы келген өзге де инвесторлар таныстырылып, олар өңір аумағында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Ұсынылған жобалардың қатарында:
ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салу;
үй жануарларына арналған жем өндіретін зауыт ашу;
әртүрлі өндіріс орындарын іске қосу;
туризм саласын дамыту мақсатында Орталық Азиядағы ең ірі аквапарктердің бірін салу сынды ауқымды бастамалар бар.
Аталған жобалар облыс басшылығы тарапынан жан-жақты зерделеніп, олардың экономикалық тиімділігі мен өңірге тигізер пайдасына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен негізгі капиталға 1,4 трлн теңге инвестиция бағытталып, өсім 123 пайызды құрады. Осылайша, жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды.
Сондай-ақ, өткен 11 айда өңірде 44 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 6 637 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын және өңір экономикасының тұрақты даму жолына түскенін айқын көрсетеді.
Жалпы, шетелдік инвесторлармен өткен бұл келіссөздер Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі іскерлік байланыстарын нығайтып, алдағы уақытта жаңа өндірістер мен туристік нысандардың бой көтеруіне жол ашатыны сөзсіз.
